Тынымбай Нұрмағанбетов

Тынымбай Нурмаганбетов родился в 1945 году в бывшем совхозе «Бирлик» Яныкурганского района Кызылординской области. В 1968 году окончил филологический факультет Кызылординского педагогического института имени Н. В. Гоголя, а в 1980 году Высшие литературные курсы при Литературном институте имени М. Горького в Москве. Автор около десяти книг, вышедших на казахском языке. Имеет произведения и в жанре драматургии. В разное время книги автора печатались во всесоюзных издательствах «Советский писатель», «Молодая гвардия», «Детская литература». Произведения писателя переведены на русский и некоторые другие языки. На сценах республиканских театров с большим успехом идут ряд постановок автора. Пьеса «Воры» является одной из последних работ автора которые впервые переведены на русский язык.


Роман «Періштелердің өлімі»

отрывок

Жыланның уы

І

Байшұбар мен Шертай Саратанға сапар шегердің алдында Сырдарияның бір иінін мекен еткен он жеті үйлі Ұзынарық ауылында біреулерді күлдіріп, біреулерді күрсінткен екі түрлі оқиға болды. Біріншісі – өздеріне үшінші атадан қосылатын Сағынжан деген ағаларының бір жыл бұрын қайтыс болған әкесі Жұрқа жайлы еді. Жұрқаның өлгенін бұл ауылда білмейтін жан жоқ. Он жеті үйлі Ұзынарықтың үлкен- кішілі еркек кіндіктілері жиналып барып, ауыл шетіндегі молаға көмген.

Құран оқылып, соңынан алақандарымен беттерін сипаған… Сосын Жұрқаның үйіне қайта келіп, жамыраса сөйлесе отырып, асын жеген. Одан кейін де жетісі деп бір, қырықы деп екі, жүзі деп үшінші рет… Сағынжанның қоржын тамына дүмеп жиналып, тағы да әрқайсысы әр жерден жамыраса сөйлесіп отырып, қарындарын тойғызып қайтқандары естерінде. Басқасы басқа… ауылдың шалақұрсақ адамдары қарындары шіреп тойған күндерді ұмыта қоймайды. Оның үстіне соңғы жылдары кісі өлімі, әлде той-томалақ болмаса маңайдағы ауыл адамдары да ат басын бұрып жинала бермейтіні тағы бар.

Ал оңаша ауылдың адамдарына алыс ағайын-жекжаттарын осындайда көріп қалып, шүйіркелесіп, сөйлескендері де көпке дейін ұмытылмай, өзара айт жүретін көп сыр, көл-көсір әңгіме… Жағдайы келмегендіктен Сағынжан әкесінің жылын кешіктіріңкіреп алғанда да, әншейінде «бәріміз ағайынбыз» деп, бірінің бірі намысын шапқан болып отырып-ақ: «Әй, әкесінің жылы болып қалды ғой… болып қалды деймін, … тіпті өтіп барады екен-ау?!». «Е, батырыңыздың жағдайы келмей жатыр ма, немене?» десісіп, күңкілдескендері, мысқылдағандары да бар.

Не керек, Жұрқаның жылы деп берген асты да жеп болып, енді ұмыта бастаған шақта, оқыс оқиға сол шалды қайта естеріне түсірмесе бар ма… Естеріне түскені сол, жаз, күз бойы Ұзынарықтан өзге ауылдардың да, тіпті аудан орталығының да әңгімесі – марқұм Жұрқа болды. Мәселе – бір жыл бұрын өлген әкесінің зейнетақысын Сағынжанның әлі алып жүруінде еді. Ауыл бір жақта, ауылсовет бір жақта болған соң, ешкімнің ескермегендігі болар, аудандық газетке «Жұрқаның зейнетақысы» деген фельетон жарқ етіп шыға келгенде барып, жұрт ду-у ете қалмады ма?

Бәлкім, әңгіме мұнша асқынбас па еді, сыбыс сөз жетіп, ауылсоветтің бір өкілі тексере келгенде, Сағынжан сасқанынан Пірәлі деген шалды төргі бөлмесіне жетелеп апарып, төсекке жатқызып: «Әкем осы. Әлі тірі жатыр» – деп масқара болды емес пе?

Әлгі өкіл ауызғы бөлмеден ас жеп, шай ішіп, «әкесі тірі екен» деген бекем пікірмен аттанбақ болып отырғанда, Пірәлі шал төрдегі бөлмеден жөтеледі. Шалдың мұнысына үй иесі түгілі, өкілдің өзі де қуанғандай болып:

– Шалға суық тиіп қалған екен-ау, – дейді.

Сонда Сағынжанда қостай кетіп: – Ия дәл таптыңыз. Суық тиді, – дейді. Осы кезде Пірәлі тағы жөтеледі.

– Суық тигенде де, оңбай тиген екен-ау, – дейді өкіл шалға жан ашу білдіріп.

– Тағы да дәл айтып отырсыз. Суық оңбай тигені ақиқат, – дейді Сағынжан.

– Дәрі ішкізу керек болар.

– Өзімізде солай қорытып отырмыз. Қалай да дәрі ішкізетін шығармыз… Бүгін-ертең…

Кезінде Жұрқа жантәсілім еткен төсекте Пірәлі әрі бір аунап, бері бір аунап жатады да, ауызғы бөлмедегі Сағынжанға:

– Әй Сағынжан, сен ғой маған Жұрқа бол дейсің… Ол не дегенің, а-а?

Жұрқаға ұқсап өліп қал дегенің бе? Сөйдегенің ғой. Ал менің өлгім келмейді, – деп айқайлапты.

Пірәлінің осы айқайынан кейін, бар құпияның беті ашылған.

… Жұрт Жұрқаның осы жырын жамыраса айтып, тауыса алмай жүргенде Тоқашбай деген ағаларының үйінде аяқ астынан тағы бір оқиға болғаны.

Совхоздар жаппай тараған кезде бір бензовозды иемденіп қалған Серқара деген жігіт алыс ауылдарға бензин сатып, нәпақа табатын әдетімен Тоқашбай жездесінің үйіне келе қалады. «Ауылға май сататын келді» деген хабар үріккен малдай бытырап, әрқайсысы әр жерде отырған он жеті үйге түгел тараймын дегенше, Серқара Сырға апасы қайнатқан шайды ішеді.

Шайдан соң қазан көтеріледі. Апасы қазан көтерген соң-ақ, Серқара асықпай жайғасып, төрдегі қызыл көрпешенің үстіне ұзынынан түскен күйі ұйқыға кетеді.

Май сатып алатын ақшасы болмағандықтан Тоқашбайдың «қайным ғой» деп ойнағансып, әрі-бері қатынап, аяғын артып жүрген екі аяқты мотоцикліне жететін бір шелек, жарым шелек май алып қалатын айласы болатын. Бұл айласы – бетіне көн жамап тұрып сұрау немесе ұрлау. Сұрай- сұрай қайнысын ығыр еткенін іші білетін Тоқашбай бұл жолы ұрлауға бел байлайды.

Шу бастан жұртта қалған ескі машинадан алып, мал қораның ішіне көмген багі бар болатын. Сол бакты толтырмаса да, орталап алуды көздеген ол қараңғылық үйіріле бере-ақ іске кіріседі. Әйелі де оның теріс пиғылын түсінеді. Бірақ түсінсе де ештеңе аңдамағандай қазан-ошағымен бола береді. Ескі шелекпен бензовоз бен мал қораның арасына Тоқашбай жеті қатынады ма, әлде сегіз қатынады ма, қалған бөлігі жерге көміліп, аузы ғана үңірейген багінің толған-толмағанын қараңғыда анық біле алмай, есебінен жаңылысып тұрып, алас-қапаста қайдан есіне түсе кеткенін… оттық жаққаны. Содан лап еткен от май толы багіне қосып, мал қорасын түгел алып кеткен. Жаз бойы тырбанып, кейде есек арбамен, кейде мотоциклімен тасып жинаған шөбі, май ұрлардың алдынды ғана қораға қамалған бес-он қой-ешкісі түгел қызыл жалын оранып, құдай сақтағанда, өзі мал қораның есігінен сыртқа қарай шалқасынан құлап, екі аунап, үш аунап, әйтеуір, аман қалғаны.

Айнала жыңғылмен, шеңгелмен қоршалған отыны мен шөбі де қой- ешкілерімен бірге әп сәтте-ақ от ортасында қалды… Өртеніп кетті. Жұрт Жұрқаның жырынан Тоқашбайдың өртенген мал қорасына енді ауысып, бірі күліп, бірі аяп, екеу ара, үшеу ара, кейде тіпті, бір қауым ел болып, жоқ жерден ермек тауып, күндізді қойып, түнде де әңгімелеп, бітіре алмай жүргенде «Ералы тағы да үйіне бес жүз мың теңге ақша салып жіберіпті» деген хабар ыбыр-сыбыр, ырқ-жырқ көп әңгіменің бәрін жаншып жібергендей болды. Бұл жайды үшінші оқиға десе де жарасқандай еді. Енді марқұм Жұрқа да, айдын күні аманында бар жиған-тергенінен айырылған Тоқашбай да жайына қалды.

Ендігі әңгіме – Ералының әйелі Сиякүлдің бес шақырым жердегі темір жол станциясындағы почтаға барып, бес жүз мың еңгені қалай санап алғаны… дүкенге кіріп сауданы қалай жасағаны жайлы еді.

Зейнетақы алатын үш кемпір, төрт шалынан өзге теңгені қолдарына ұстап та көре бермейтін бұл ауылдың адамдары үшін осыдан асқан байлық та, мәртебе де болуы мүмкін емес сияқты. Ералыдан ақша жазда да келген… Өткен қыста да келген… Ол жолғыларының көлемі екі жүз мың, үш жүз мың теңге көлемінде еді. Ауылдағылар соның өзіне де тамсанып, таңдай қағып: «Ойпырмайдың жолының болғышын-ай… Жалақысы көп жұмыстың өзіне оп-оңай табыла кетуін қарашы…» десісіп, қуанудан гөрі қызғанып қалғандар көбірек болған. Қызғанғандары көздерінен көрініп, бет-ауыздарынан білініп тұрған сол ағайындарға ендігі жерде «бес жүз мың сом…» деген сөз сойылмен соғып қалғаннан кем болмады-ау шамасы… Естіген бойда солардың қай-қайсысы да таңданыстарын айта алмай, әйелдері еріндері түртиіп, еркектері үнсіз төмен қарасып, үрпиісіп қалғаны.

Ералының әйелі Сиякүл мен Байшұбардың әйелі Шырай бір ауылдың қатар өскен қыздары болғандықтан да, екі үйдің бір-біріне тілектестігі мен қыбыр-жыбыр араластары үзіліп көрген емес. Байшұбардың үй-іші Ералыдан келген әлгі ақшалардың санын былай қойғанда, Сиякүлдің ол қаражатқа не сатып алғанынан да хабардар еді.

Алғаш екі жүз мың теңге келген тұста-ақ, оныншыны бітіргеніне жыл толса да, не оқуға түсе алмай, не қандай да бір жұмысқа кірісіп те кете алмай, қарадай іші пысып, ауылға сыймай жүрген інісі Шертай: «Аға, сол жаққа біз де барайықшы… Ералыны тауып алайықшы… Бәлкім біз де орналасып, жолымыз болып кетер…» – деп Байшұбарға қыңқылдап біткен.

Байшұбар әуелде інісінің сөзіне елп етпеді. Елп етпегені «Ұзынарық ауылын бір бай сатып алады екен. Сол бай Ұзынарықтан сиыр фермасын ашады-мыс» деген қауесет сол шақта ауылда да, аудан орталығында да желдей гулеп жүрген шағы еді. Оның үстіне «Оу, ол Ералы хат жазып, мені өзі неге шақырмайды, таусылмайтын қазына-байлыққа жолыққаны рас болса… Ағайындығымызды былай қойғанда, көңіліміздің жақындығы бар емес пе еді? Түскі асты біздікінен, кешкі асты ол үйден жеген араластығымыз ше?» деген базына-өкпесі де жоқ емес-ті.

«Ералыдан тағы бес жүз мың теңге келіпті» деген хабарды алғаш естігенде Байшұбар мен Шертай есік алдындағы сәкінің үстінде кешеден қалған қатқан нанды сүтке жібітіп жеп, қант орнына құрт қажап шай ішіп отырған.

Сатушыдан «арзан шайың бар ма?» деп сұрап алған соң-ақ, шай да не оңсын, әйтеуір, түсі қызыл бірдеңе. Хабарды айта келген Шырай болғандықтан әңгіменің растығына екеуінің де шүбәсі болған жоқ. Сондықтан болар жұмыссыздық пен үй ішіндегі жетіспеушіліктен қорланып жүрген Шертай бірден бұрқ ете сөйледі.

– Кетейікші, аға-а!

– Кеткенде аяқ астынан қайда… кімге? – деп Байшұбар әңгімені үйреншікті кібіртік аяңына сала беріп еді, ағасының осы марғаулығынан да жалыққанын аңдатып: – Ой, осы әдетіңіз-ай! Үлкен болып бастамайсыз да, қостамайсыз да… Әне, Ералы ешкім шақырмаса да кетті ғой. Жұмысты да тапты ғой, – деп Шертай түтіге сөйледі.

– Әлгі сиыр фермасы болады-мыс деген сөз-з…

– Өй, аға, соны да сөз деп малданып… Ол бай бұл ауылды қашан сатып алады? Сосын қашан сиыр қора салады? Оған сиырларды айдап әкеліп, қашан қамайды деп жүргенде… үй-ішімізбен аштан қатпаймыз ба?

– Солайына, солай ғой…

– Ендеше, көктен ақша жауады деп күтіп отырсыз ба? Әлде үкімет азық-түлік пен киім-кешекті үйіп әкеліп, тегін таратады деп ойлайсыз ба?

Байшұбарға інісімен сөз таластыру мүмкін болмай қалды. Өрекпіп тұр.

Әншейінде бетіне келмейтін жуас баланың осылай бұрқырап сөйлеп отыруының өзі – оның кәдімгідей сағын сындырды.

– Сонда ай-шай жоқ, жүре береміз бе?

– Жүре береміз. Жүре бермегенде… ауылды жинап, депутатпен кездескендей жиналыс ашпақ па едіңіз?

Байшұбар көтере ұстаған кесесіндегі шайды ұрттарда әуелі нан тістеуі керектігін ұмытып қалғандай, нанды бір, құртты бір ұстап, сосын аузына апара берген кесесін қайтадан дастархан шетіне қойып, дегбірі қашқан күйде отырып: – Е, ендеше, көрейік, – деді жуасыған үнмен. – Сондағы ойың бүгінгі пойызға шығу ма, әлде ертеңгі пойыз-з…?

– Бүгінгі пойыз-з!

Шертай жұдырығымен сәкінің тақтайын дүрс еткізді. …Осыдан кейін- ақ ағайынды екеуінің арасындағы әңгіме түйінделіп те қойған еді.

Қыс кезінде Ералыдан әйелі Сиякүлге келген жалғыз хатты Байшұбар да оқыған. Қысқа жазылған хат соңындағы: «Менің адресім: Саратан қыстағы. Почта. 17-ші жәшік. Бірақ сен хат жазбай-ақ қой. Тәртіп солай.

Хабар өзімнен болады, – деген сөйлемдерді оқып, «17-ші жәшік» деп те кісіге әдріс айтады екен-ау. Бәлен деген көше, түген деген үй деп жатпаушы ма еді, осы жұрт, – деп қойған ішінен. – Тәртіп солайы несі? Әскери қызмет пе, немене? – деп те таңданды.

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (30 оценок, среднее: 2,27 из 5)
Загрузка...