Серик Аксункарулы

Серик Аксункарулы родился 29 марта 1950 года в Карагандинской области. Закончил Карагандинский педагогический институт и КазГУ. Начал писать с 13 лет. Член союза Писателей с 1986 года. Является ответственным секретарем Карагандинского областного филиала союза Писателей с 1987 года. Автор 15 книг и 1 сборника избранных произведений из двух томов. Переводил с русского языка на казахский язык произведения знаменитых авторов, таких как, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Роберт Рожденственский, Назым Хикмет, и др. Заслуженный деятель РК. Лауреат международной литературной премий «Алаш». Его стихи переведены на русский,украйнский, турецкий, и кыргызский языки. Почетный гражданин Актогайского и Каркаралинского районов.


Отрывок из произведения «Абылнама»

( Жамбылдың белгісіз бір жырының әуенімен)

 

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!

 

(Сүйінбай)

 

Автордан

 

Жамбылдың атақ-даңқы дәуірлеп тұрған отызыншы жылдары Кремльге, тура Сталиннің өзіне Қазақстаннан қалың арыз қардай бораған. Біреулер өлеңді табан астында суырып салатын ақын деген болмайды, Жамбыл —қолдан жасалған, оның өлеңдерін әдеби хатшылары жазып береді деп соғады.Мәскеуден арнайы комиссия келіп тексеріп, Жамбылға тосын тақырып ұсынып, ақынның алымына өздері куә болады. Арыздың негізсіз екенініне көзі жетіп, Мәскеуіне қайтады.

 

Кремльде Жамбылмен алғаш кездескенде тірі пендеге сене қоймайтын Иосиф Сталин ақынды өзі сынап көргісі келіп: «—Жамбыл жолдас, Сіз кімсіз? Қайдан келдіңіз?! Ел-жұртыңыз—кім?!. Қазақ деген қандай халық?! Қайдан шыққан?!! Соны маған өлеңмен айтып беріңізші?»-дейді. Сонда Жәкең  домбырасын қағып-қағып жіберіп, осы ұзақ жырды екі-үш сағаттай толғаған деседі.

 

Жырдың түпнұсқасы сақталмаған. Біздің қолға түскені— жырдың мазмұны баяндалған орысша тәржіма ғана. Сталинге аударып берген жолма-жол аударма  секілді. Көркем дүние емес. Мұны аударған , меніңше, ақын да емес, жазушы да емес, (тіпті, маман әдебиетші де емес), ЦК-дағы бір шенеунік болуы мүмкін. Өйткені жырдың мәтіні доғал һәм  көп жері түсініксіз. 

 

Сталиннің онымен ыждақаттана танысқаны көрініп тұр: «Это мировое соперничество начелось с двух сыновей Адама и Евы» («Адам мен Һауаңыздың екі ұлынан Басталған бұ ғаламның бақталасы») деген жерге: «Смотри,  какой старик, да он знаком с «Библией!» («Шалдың пәлесін қара, «Інжілді» де біледі!»)- деп, көк сиямен жазып қойыпты! Таң қалған!

«Нет у меня обездоленных, нищих, Нет тюрем, лагерей, И нет разврата» («Сіңірі  шыққан кедей-кепшігім жоқ, Жоқ бізде түрме деген, Жәлеп деген!»)  деген жерге: «Заметен стиль Букейханова!» («Бөкейхановтың лебі еседі!») деген қатқыл ескерту тұр!  «Я первым познал среди человечества, Всевышнего в лице «Тенгри»!(«Адамзат баласында алғаш рет, Алланы Мен атадым «Тәңірім!» деп!»)- деген шумақты көк сиямен қоршап, «Забавно?» ( «Қызық екен?») деп жазыпты. Діни семинарияда «Інжілді» егжей-тегжейлі зерттеген Сталинді  Жәкеңнің бұл лебізі біраз ойландырып  тастағаны байқалады…

 

 Қолжазбаның соңына  Сталин: «В этом народе вдоволь самоотве́рженных храбрецов и поэтов, упускать их из виду-рискованно!» («Батырлары мен ақындары көп жұрт екен, бұларды көзден таса қылу—қауіпті!») деп жазыпты! Екінші дүниежүзілік қырғын тамамдалар тұста өткен Потсдам конференциясында Германия қайта бас көтермеу үшін не істейміз деген сауал туғанда Сталин неміс интеллигенциясының жүз мыңдаған өкілінің  көзін жоюды ұсынған.  Сонда У. Черчильдің зәресі ұшып кеткен көрінеді… Бүгін сол есіме түсіп, менің де зәрем зәр түбіне кетті!

 

Қолжазбаның бас жағында көсемнің: «Не в коем случае нельзя допустить, что бы данное произвидение увидело свет!» (« Бұл шығарманы жалғанның жарығына шығаруға болмайды!») деген бұрыштамасы тұр! Мен Сталиннің қолына түскен қолжазбаны  арқауға ала отырып, оны жыр тілінде сөйлетуге тырыстым. Өйткені мұнда адамзат баласының жаратылысы қахында Қасиетті Төрт Кітапта кездеспеген бір хикаят бар. Бұл соноу «Ерте,ерте,  ертеден, ешкі жүні бөртеден» — Түрік қағандығынан немесе бертіндегі Үйсін мемлекетінен бері келе жатқан бір ертегі, әпсана болуы да мүмкін? Бізге жеткенше ұмыт болған…

Қандай аңыз болса да халықтың қазынасына айналуға хақылы! Біздің Жәкең Сталиннің түркі дүниесін иттің етінен жек көретінін қайдан білсін?! Құдай аузыны салды; айтты—бітті! Сұраған— өзі ғой! Ең бастысы, мұнда сол кездегі қоғамдық жүйеге деген қасарысқан бір қарсылық  лебі жатыр еді… Мәселе—осында!

 

Қанымды, жанымды да дауалаған,

Алланы айтқан сайын сауап алам.

Алланы айтқан сайын сауап алып,

Бастайын Адам Ата—Һауа Анадан.

 

Дүние—дүние емес,—тақ таласы,

Құдайға ғана мәшһүр ақ, қарасы.

Адам мен Һауаңыздың екі ұлынан

Басталған бұ ғаламның бақталасы.

 

Тұңғышы Қабыл жерге егін екті,

Соқаға қос өгізді жегіп өтті.

Ғұмыры екі көзін жерден алмай,

Көз жасын топыраққа төгіп өтті;—

 

Көз салған көкжиекке өз бауырын,

«Көшпенді, қу аяқ» деп,—сөгіп өтті…

 

Абылы кәсіп қылып, мал бағады,

Таң ата— кешке дейін салған әні,—

Жаңғыртып, аспандатып, сардаланы;

Тарпаңды ұстап мініп, желдей заулап,

Доңызды мал деуге де арланады!

 

Жаһанда жалғыз Тәңірі жары болған,

Алдында төрт түлікті малы болған;

… Қабылдың сыяпатын көзіне ілмей,

Алла да Абылдікін қабыл алған!

 

Сұм Қабыл!

Жендет емей,

Ол— кім еді?!

Түңлігін көктің алғаш сол түреді:

Қызғаныш ішін өртеп, өз бауырын

Тас атып, тарпа бас сап—

Өлтіреді!

 

Абылдың жүрегінде нала кетті,

Бауыры,—

Көзге жалғыз қара кетті!

Сол күні қара жерге қан төгіліп,

Қарғады Алла Қабыл-Қарабетті!

 

Өзінің бауыры ғой—

Қаймана ма?!

Келінін аяғы ауыр—

Айдалаға,—

Лақтырып тастап кетті!

Босанған соң—

Сол жерде шәйіт болды, қайран, ана…

 

Сол жерде Абыл ұлы Түрік туды,

Бөрідей көкке қарап,—

Ұлып туды!

Абылдың кіндігінен нәсіл барын,

Сұм Қабыл адамзатқа ұмыттырды!

 

Көк Бөрі Түрікпенен егіз еді,

Көз жасы ішіндегі теңіз еді.

Шырылдап жатқан шерлі шарананы,

Еміреніп Құртқа келіп,  емізеді!

 

Баланың арқасында шалық көп-ті,

Көзінен қанды жасы тамып кетті!

Салып ап Қасқыр да оны арқасына,

Алтайдың қиясына алып кетті…

 

Өр Алтай!

Биік Алтай!

Асқар Алтай!

Мысымен жердің жүзін басқан Алтай!

Адамның аяғы әлі тимей жатқан,

Қиясын Бөрі-Түрік асқан Алтай!

 

О, Алтай!

Өр кеуде Алтай!

Асқар Алтай!

Тау емес,

Теңіз де емес,—

Аспан Алтай!

Аңырап Жер бетінде жетім қалған,

Атама ақ құшағын ашқан Алтай!

 

Тәңірінен сонда Алтай не тіледі,

Құдайдан келген құлын жетім еді;

Соңынан Көк Бөрінің ереді де,

Елжіреп тау мен тасқа секіреді!

 

Алтай-ай, адамды іздеп, аңыраған,

Төлежіп төл енеге жамыраған;

Құлан мен бұландары көкке шапшып,

Марал мен еліктері маңыраған!

 

Аққулар айдынкөлде сыланады,

Ысқырған уын шашып, жылан, әні:

Ысылдап кіріп келсе үйіне егер,

Ақ құйып басына оны— шығарады.

 

Жаһанға үлестірген барын ап кеп,

Ел тоймай,—

Ер қалайша жарымақ деп?

… Ақ жалап, жылан шыққан жерді кейін,

Атады ол Қасиетті Шаңырақ деп!

 

Алтайда айнала көп жүріп еді,

Алаңсыз, бекзатша өмір сүріп еді.

Өз үйін «ошағым» деп,

Ұлы ұлысын—

«Отаным» деген біздің Түрік Елі!

 

Адамнан Абыл ұлы Түрік туды,

Бөрідей көкке қарап,—

Ұлып туды!

Абылдың кіндігінен нәсіл барын,

Сұм Қабыл адамзатқа ұмыттырды!

 

Дүние—быт-шыт қазір,

Дабыл—дала,

Жаныңа зілдей ауыр қабылдама;

Қолыма домбыра алып, ғұмыр бойы

Айтқаным адамзатқа—Абыл-нама!

 

Біз деген—

Скиф дейтін ұландармыз!

Төсінде  дүниенің бұлаңдармыз;

Ұлыс боп,

Жұрт болып Һәм ұлт болып та,

Құдайдың  бір демінен құралғаныз!

Алтайдың асқақ ұлы атақ-даңқын,

Төріне Еуропаның шығарғанбыз;

Қу менен сұмды жөнге саламыз деп,

Алқынған арынды асау құландармыз!

Адамзат шеруінің алдында боп,

«Алла да—аққа жақ!»- деп ұрандармыз;

Біз деген—

Скиф дейтін ұландармыз!

 

Біз—Номадтармыз , Номадтармыз*,

Қайтейін, екеу емес,

Қанат—жалғыз;

Көзіміз—көкжиекте, азар болса,

Бір мызғып,

Ат үстінде салақтармыз;

Біз—Номадтармыз, Номадтармыз!

Жақсыға жаның қайтсе жарымақ деп,

Алыстан бір Асқақ Үн сарынап кеп,—

Атқа кеп мінсек болды, арқамызға,

Қонады алапат бір Аруақ боп!

 

*Көшпелілер

 

Ұшар ек, баратұғын Ай –алыс-ты,

Жырмен бір Көкке Ғұмыр Баян ұшты.

… Абдырап аттан түсіп, жаяу қалған

Адамзат халі  неткен аянышты…

 

Тұлпардың жалын сипап тарап тұр ек,

Күміс бір үзеңгіге аяқ тіреп!

Шалшықта –

Жаяу-жалпы қалың қауым,

Жүре алмай, қос қолымен балақ түреді…

 

Бар ғұмыр бәйге менен көмбеде өтті,

Пәуескем ,—парлап жеткен өрге жетті,

Апталып саф алтынға ер-тұрманым,

Менімен адамизат жөнге кепті;

Көргенде күймемдегі дөңгелекті,

Дүние—

Шыр айналып, дөңгелепті!

 

Үмбеттен, айналайын,

«Жарығым!» деп,

Сол үшін ат үстінде арыдым кеп;

Адамзат баласында алғаш рет,

Алланы Мен атадым «Тәңірім!» деп!

 

Алланың алдында бір қызармадым,

Тәңірінің тезін, мүлде, бұза алмадым;

Бетсіздей  текті адамның сөзін бөліп,

Жеткізбей жеті атаға—

Қыз алмадым!

 

Қарадым күллі әлемге әдеппенен,

Шыққан жоқ атым қырғын, әлекпенен;

Сіңірі  шыққан кедей-кепшігім жоқ,

Жоқ бізде түрме деген,

Жәлеп деген!

 

Мен—Қазақ!

Сол Түріктің бел баласы!

Елінің жұртқа мәшһүр ер, данасы;

Есем көп  елге кеткен,

Қайтем?—

Кештім!

Ешкімнің болған емес менде аласы!

 

Көп шерім көкіректе, ойда мына,

Бауырым соған терең бойлады ма?!

Абылдың азасын бір түсінетін,

Қабылдан бір ұл тумай қойғаны ма?!

 

Дүниенің шаң-тозаңын сілкемін кеп,

Жаралған Қаракөктен ұлт едім деп;

Мен шөптан Жусан болып өсіп-өніп,

Тастан да шыға келем Күлтегін боп!

 

Түріктің Тәңірі деген иесі бар,

Аттары—арғымақ та, түйесі—нар;

Бұ жақтың  Аққуы да аруға ұқсас,

Атпайды мұнда оны ешкім,,—

Киесі бар!

 

Жоқ менде қу бас қамы, құлқын қамы,

Құртым да талшық маған ұртымдағы;

Жаһанның дидарына нұр жүгірер,

Жақсы мен жайсаңды айтсам ұлтымдағы;—

Тұранның жұртынан бұл Күн дидарлы

Ұл туды не бір бекзат!

Құл тумады!!!

 

Патшасы бұ түріктің Еділ** еді,

Еділім—елім деген ерім еді;

Осы елдің түгендеп төрт құбыласын,

Түрік деп өлі-өлгенше еңіреді!

 

О дағы дүниені сапырды—

Өтті!

Сұмдарға менің талай қахым кетті;

Абдырап түк қыла алмай ата жауы,

Түбіне оның сайқал қатын жетті…

 

Әзәзіл заһар тілді залым болар,

Еліңді, жеріңді де, жаныңды алар;

Жазықсыз кісі өлтіру  бұ жаһанда,

Қара бет қанішердің  қанында бар!

 

Арылмай тубітті күнәсінан,

Сандалып адамзаттың миы ашыған;

 

Еділ**( Аттила) , Ғұндардың көсемі,  герман және т.б. тайпаларға билік құрып, Рейннен—Волгаға дейінгі аймақта ұлы түрік державасын құрған билеуші.

 

Шығыстан қомдап сонда қос қанатын,

Шықты ұшып Шыңғыс-Қыран ұясынан;

Анасы—Қоңыраттың қоңырынан,

Атасы –Қияттың бір қиясынан!

 

Елесін— өзі түгіл, сағынайын,

Сағынсам,  тасқын-жыр боп ағылайын.

Қазақты ел ғып кеткен—соның көзі,

Алаштың арда ұлы ғой—Абылайым!

 

Ойда—орыс, қырда—қалмақ  ағылысып,

Көтердім бір Шаңырақ қаным ысып:

Тұрды асқақ Алтын Ордам Жер бетінде,

Маңдайы Күн нұрына шағылысып!

 

Шыңғысхан—Сайып қыран, пірі— құстың,

Құдайдан келген ғажап құбылыс-тын;

Тиіскен жоқ бір жұртының дініне де,

Тиіскен жоқ тіліне де бір ұлыстың!

 

Оны айтсам, өне-бойым  керім өлең,

Төгілер түйдек-түйдек перінеден;

Тұяғы сол тұқымның Кенесары,—

Қазақтың Соңғы Ханы еңіреген…

 

… Раббым!

Даңқыңды әнге саламын мен,

Ес жиып, еңбектеген бала күннен;

Сен: «Нұр!»-деп айтқан кезде— Нұр пайда боп,

Жыр-дағы туған сонда—

Қаламымен!

 

Дүние—быт-шыт қазір,

Дабыл—дала,

Жаныңа зілдей ауыр қабылдама;

Қолыма домбыра алып, ғұмыр бойы

Айтқаным адамзатқа—Абыл-нама…

 

Көз жасын бізге Муза жетті бұлап,

Бастауы Ғомардайын* текті бұлақ.

Бір ақын одан- дағы бұрын болған,

Адамзат оны ұмытып кетті, бірақ.

 

Ғомар**(Гомер)— Б.ж.с.д.VIII ғ. адамзатқа аты-жөні белгілі алғашқы ақын.

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (25 оценок, среднее: 1,72 из 5)

Загрузка...