Нәзікен Алпамысқызы

Нәзікен Алпамысқызы в 1960 году окончила с красным дипломом экономический факультет КазГУ им. С.М.Кирова и в 1964 году аспирантуру МГУ им. Ломоносова. Она известна не только как крупный экономист, но и как талантливый поэт. Член союза Писателей Казахстана(1995 год), автор нескольких книг поэтических произведении, Заслуженный деятель Казахстана, лауреат международной премии имени Жамбыла, лауреат международной премии «Алаш», лауреат Государственной премии, член союза писателей народов Мира(2014) , доктор экономических наук, академик Международной академии информатизации,обладатель медалья «За доблестный труд» , Ветеран Труда, Почетный гражданин Жамбылского района и Алматинской области.


«Күн көтерген мұзбалақ» 

КҮН КӨТЕРГЕН МҰЗБАЛАҚ

 

Тәуелсіз елміз айдарлы

Өр бабалар көксеген.

Сындарлы кездің айбарлы

Көтерер жүгін ерің бар

Түйінін шешіп екшеген.

Тарлан жырлар туыпты

Қанатты тұлпар жалында,

Жанкешті ерлік туыпты

Өртеген кектің жолында.

Бұл даланың тарихы –

Жерін жаттан қорғаған

Хас батырлар тарихы.

Көшпелі елдің тарихы –

Басын тіккен елім деп

Көзсіз ерлік тарихы…

Мен бүгінгі Қазақпын

Өзге жұрттар сыйлаған,

Қазынасы қиялына да

Сыймаған.

Мен алтын көпірмін

Екі әлемді жалғаған,

Шығысың да,

Батысың да қолдаған.

Аспан да ортақ бар елге,

Күн де ортақ әр елге,

Көк байрағы көкке өрлеп

Күн көтерген мұзбалақ

Әйгілі бүкіл әлемге!

 

КӨНЕ ТҰРАНДА

 

Армысың, көне Тұраным,

Ежелгі түркі тұрағы!

Тарихын терген жадында,

Аңызын өрген сағымға,

Құйындай желген бөкені

Бір сырын ашты мекенім:

Басқан жерім ғарыштың

Дәл ортасы екенін.

 

Осынау шексіз кеңдіктен

Қырық бесінші еңдіктен

Төбеден көкті төңкеріп,

Көкжиекпен көмкеріп,

Көзбен өлшеп көлемін,

Дөп-дөңгелек бөлегін

Еншіме менің берген бе,

Тағдырыма мәңгі өрген бе!

 

Осынша қыруар байлықты

Маңдайына елдің жазыпты.

Шегіне кеңнің жете алмай,

Сағымын қиып кете алмай

Жонында тұрмын Ұлы жазықтың.

Дөңгеленген шеңберде

Көгендеген бір жерге

Бейне бір Темірқазықпын!

 

ДАЛА ПЕРЗЕНТІ

Мұхтар Әуезовтің рухына

 

Дәл осы Бетпақ далада

Төртпақ табандылар болған деседі.

Бірде жайлау деп,

Бірде жаулар кеп ылғи көшеді.

Қазынаға толы,

Шежіреге толы тақырға

Еміренген жаудың

Кеңірдегін де кеседі.

 

Бұл шыжғырған шегір құмдарда

Бұлтқа телмірмейтіндер күн кешеді.

Жер түбінен нәр алып,

Көк түбінен нұр алып

Сірескен сексеуіл сындылар өседі.

Буынын бұрап сығымдап

Дүлей жел тынбай еседі.

Кезеріп ерні топырағын иіскесе

Өзекке теппей өз ұлын

Табанына алақанын төседі.

Кеудесі иіп

Кәусарлар шапшып шыңыраудан

Жеті қат жерді теседі…

 

Осылай Намыс пен Төзім сомдаған

Алпауыт елден

Алпауыт перзент тумаса,

Халқым деп жанып,

Мәңгілік жолын қумаса

Тағдыры тозып, рухы да жасып өшеді.

Бүгін де осы Бетпақ далаға

Төртпақ табандылар керек деседі.

Тек шөлде шыңдалған шымырлар

Қазақ елінің

Ақберен айбар сесі еді.

«Шөлі бар халық – зор халық», – деп

Абыз Руми де

Бекер айтпаған болар кешегі!

 

ТУҒАН ЖЕРІМ

 

Алатау – ақиығым, менің өлкем,

Асылым, қадірлімсің тегің көркем.

Алыстан аңсап келсе, мауқын басар

Аймалап шыңдарыңды сенің еркең.

 

Аспантау көкте қалқып тұрған керім,

Баурыңда жыр ұясы – думанды елім.

Өзіңсіз кең дүние де қуыс кеуде,

Жүрегі бар ғаламның, Туған жерім!

 

Аялап арманымды жастан менің,

Түлеткен қыран-қиял асқар белім.

Қуат ап топырағыңнан жүрсем болды

Ардақтап ата-бабам басқан жерін!

 

ДӘУІР КЕЛБЕТІ

 

Әр дәуірдің

Түйнеген түйіні бар,

Арға таңба өкініш-күйігі бар.

Зиялылау заманның жеткен жері

Арал-Атом – алапат тұйығы бар.

 

Әр халықтың

Рухани тұнбасы бар,

Уақыт жүгін көтерер тұлғасы бар.

Ел-жерім деп шоқ басқан адал барда

Мәңгі өшпейтін шежірең – жалғасың бар.

 

Әр ұрпақтың

Өз өрі, мың шыңы бар,

Келер күнмен жанасар тың сыры бар.

Адам рухы шыңдалған әр кезеңнің

Өз бұғауы, кісені, шынжыры бар!

 

ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК

 

Ми — жүрек тынбай қайнауда,

Тек сауал талмай сүзгенім.

Сүбелі ойды байлауға

Сүбелі сөзді іздедім.

 

Жан сырын бойлап барлауда

Қасірет-мұңнан безбедім.

Төл тағдыр көнбес алдауға

Тасыған өзен жүзгенім.

 

Жылусыз сөзден, ойдан да

Тат басса, жанды төзбедім.

Адамды тіккен майданда

Адалдан күдер үзбедім.

 

МЕЖЕ

 

Жүректің өзі білер –

Кімге құларын.

Бүйректің өзі білер –

Кімге бұрарын.

Көңілдің өзі білер –

Неден қаларын.

Сағыңның өзі білер –

Неден сынарын.

Тек

Ой-сана, парасаттан,

Намыс пен ар-ұяттан

Білсін деп менің сұрарым:

Адамды хайуанаттан,

Әділдікті қиянаттан,

Тіршілікті қияметтен

Бөліп

Меженің қайда тұрарын!

 

КҮРЕҢ ШЕТЕН

 

І

Жан шаншуым бүргенде

Өрттей ойлар жанға дамыл берген бе?

Шыңға шығып, құздан тайып жүргенде

Көзім түсті заңғарда өскен шетенге,

Тасты жарып, тал да өмір сүрген бе?

 

Үскірік те мойытпаған шетенсің,

Аптапқа да төтеп берген бекемсің.

Ала жаздай көрмесең де ақ нөсер

Қандай нәрмен желкілдеп тұр екенсің?

 

Тұрсың ба сен құдіретімді көрсін деп,

Тебірендім жүрек тулап дүрсілдеп…

Тұл тірлігін тұғырынан тайдырып

Қайсарлықпен өз тағдырын өрсін деп.

 

ІІ

Қинадың аямастан,

Тағдырым қар мен жаңбыр араласқан.

Биікке ұмтылып ем бала жастан,

Адастым күйбеңге еріп, алдым жартас,

Алыстап кетті-ау арман қарамастан.

 

Тарылтты өрісімді тас қамалың,

Шыға алмай қалам ба деп жасқанамын.

«Торықпа, іздесеңші, — дейсің шетен,

Өзіңе тірек болар басқа амалын.

 

Қорықсам әр қатерден мен өнбеймін,

Аптабын, ақ боранын мен жеңбеймін.

Салса да от пен мұзға аямай-ақ

Көнеді тіршілікті сүйген деймін.

 

Осынша көп қинаған төл баласын

Бұ жалған сырын бойлап толғанасың.

Ащы мен тәтті дәмін қайтіп білмек

Жаншылып бұла жүрек талмағасын.

 

Әр қилы сынға түсіп көрмегенге,

Шындықты мың сүрініп термегенге

Шел қаптап сезімін де, санасын да

Парық пен парасатты бермеген де.

 

Ардақтап атамекен әр тасын да,

Азды-кем абзалдардың ортасында

Тілеймін жүрек жанып жалын шарпып

Ерітсін мұзарт биік жартасын да!»

 

ІІІ

Шетенім, жан сырласым!

Биікке шақырсаң сен, тағдырласым,

Жүрегім ұяласын заңғар басын.

Тоқырап орта жолда жүрген жан ем,

Құлазып енді жүрек дағдармасын.

 

Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда

Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда.

Бір бастың көңіл кірі бұйым боп па

Жарқырап аспанымда күн тұрғанда!

 

Жүрегім, бақ пен мұнды тең көтергің,

Жарық күн, қимай сені мен кетермін…

Көктемде шетен болып қайта келіп

Тауымды жайқалтып бір түлетермін.

 

Бұл тірлік қаңтарылып қалмас тұрып

Бір ұрпақ бір ұрпақты алмастырып.

Өмірдің өрмегінен үзілмеспін

Адамның асқақ рухын жалғастырып!

ЕРКІНДІК ДЕГЕН БАР ДЕЙДІ

                                     З.Серікқалиевқа

 

Еркіндік деген бар дейді,

Еркінді елден көргем жоқ.

Бәрінің басы байлаулы,

Кеңдікті ешкім берген жоқ.

Көне Римде де тек Спартак

Өр кеудеге көмген шоқ

Құл дәуірді шайқап бір

Кісенін үзді – көнген жоқ!

 

Қиянаттың не түрін

Адамның өзі тапқан-ды:

Асауларға бұрау сап

Сындырып сағын шаққан-ды.

Дараларын дарға асып

Даналарын отқа жаққан-ды.

Мың жылдық қырғын бір тынбай

Дариядай қаны аққан-ды.

 

Не сұмдық қалды жалғанда

Өз ғасырым ойлап таппаған,

Қарайып қаның қатпаған?..

Айналаңда жан бар ма

Ғұмырын да,

дарынын да,

арын да

Бір күлшеге сатпаған?

 

Намыс та жоқ, ой да жоқ

Кіл зомбилер жүр қаптаған.

Көгендеулі жандар қайда жоқ

Кісілігін жер қып таптаған.

Қай түрі бар қорлықтың

Жүрегіңе шеге қақпаған?..

Ал, Спартак сынды болар ма

Еркіндіктің уызынан бір татпаған?!

 

АЛАТАУ АСҚАРЫНДА

    Нұрғиса Тілендиева

Шыңдардың сәнін білер

Бұлтқа еркелеп қыранмен тел өскендер.

Тау бабасы көтеріп иығына

Қолтықтасып жұлдызбен тілдескендер.

 

Өрлеудің дәмін білер

Байлаулы өмір өлгенмен тең дескендер.

Қақыратып құрсауын құл тірліктің

Еркін самғап көгінде күн кешкендер.

 

Биіктің мәнін білер

Асқақ ойы аспанмен шендескендер.

Адам рухы құлдилап кетпесін деп

Жан баспаған қиядан жол кескендер!

БАПКЕРЛЕР

Қадыр Мырза Әліге

 

Жылқы жылы

Жылқы кірді түсіме.

Түс – хабаршы,

Тәңірдің бұл ісі ме?

Әз сәйгүлік сымбатына таңғалдым

Толқын жалды, алтын тектес түсіне.

 

Қамбар ата сыр бөлісті толғап бір:

«Қызығады бәрі сыртқы пішінге,

Ысылмаған мал ғой бұл

Мың өнері ішінде.

Жылқы мен қазақ мінездес,

Тағы болар бап көрмеген кісің де…

 

Мал иесін,

Иесі малын тапқанда,

Қастерлеп, шыңдап баққанда

Қаңтарып тастар ақ таңға…

Арам тер, арам пиғыл да

Жүйрікті жейді шапқанда.

 

Адалдықтың көкесін

Бір-бірінен тапқанда,

Қайсарлық, шыдам қабысып,

Дарын мен дәуір табысып

Қос дүлдүл қанат қаққанда

Құдіреттеніп кетер тақтан да!»

 

«Жабайылар еді

Ырғыған кеше жосылып,

Қырлануын-ай,

Бағы мен бабы қосылып!» –

Тамсанып қалды

Тәңірің де бір тосылып.

 

… Ысқырған қамшы,

Шыңғырған жылқы даусынан

Оянып кеттім шошынып.

ЕГІЗ ДҮНИЕ

 

Өмір-Өлім Тағдырға тұр байланып,

Тұғырында тірлігім шырайналып.

Бірге келіп өзіммен.

Бірге кетер

Шын серігім – Ажалым жүр ойланып…

Уайымдайтын несі бар, бәрі де өтер,

Кетемін ғой түбінде бір сайланып.

 

Қол ұстасып келіп ек қарлы қыста,

Қас қағымдай келте өмір – жолым қысқа.

Алаңдатпай, серігім, әурелемей

Мәмілеге кел:

Арпалысып жүргенде жаңылыста,

Шыны-ғұмыр жаратқан асыл ұста

Сынбаса екен шытынап асығыста.

 

Кешіп өту өмірді бәріңе сын,

Ажал жоқта

Ақ нұрдан да жалығып жерінесің.

Бұл сапардан бал жинап баппен кетсең

Жаңа жұртқа қонғандай көрінесің…

Жаза бассам, серігім, демеп жібер,

Бір қамшыға екеуміз өрілгесін.

 

Тек пенденің аты сол пенде екен,

Пенделігін білетін де кемде-кем.

Түңілмейік ғаламның өз заңынан,

Жұлдыздың да ағып түсуі демде екен.

Ал, Өмір мен Өлім

Ұлы құбылыстар емес пе еді

Теңбе-тең!

 

ДӨҢГЕЛЕНГЕН  ДҮНИЕ

 

Алтыбақан-тіршілік

Алма-кезек теңселген.

Түнді түріп күн шығып,

Көктем озып, күз келген.

Заман – шеңбер көмкерген,

Шеңберде адам күн көрген.

Тіршілікке сонда кім ие:

Жеңілгендер…жеңгендер?

Шыр айналған дүние –

Шыр айналған шеңберлер.

 

Өр кеуде уақыт зырлаған

Адамды тарпып қырлаған.

Тынымсыз тірлік тулайды

Тар шеңберге сыймаған.

Шиыршық атып шегінен

Асқанда шеңбер қираған.

Бұл жолда асып-тасу бар,

Екпіннен ығып, жасу бар…

Бұраңдаған дүние –

Бұраңдаған асулар.

 

Заңынан болмыс танбайды,

Заман да тозбай қалмайды.

Тосын ой, тосын амалын

Аспанға асқақ жалғайды

Анадан туған Тәңірлер!

Келеді сәби сәуірлер,

Келеді сағи дәуірлер.

Бір орнында тұрмайды

Дөңгеленген дүние –

Дөңгеленген дәуірлер!

 

АБАЙ — ТАҒЫЛЫМ

 

Өлең – патша тағында Абай дара,

Әр қазақтың жадында Абай ақын.

Жаңа келген ұрпаққа – Абай жаңа,

Кешегің мен бүгіннен Абай жақын.

 

Айтпағанын кім айтар Абай дана,

Ой жете ме тануға Абай хақын?…

Мұхтар өрді мәңгілік Абайнама ,

Қазақ барда тозбайды Абай атың

АҚЫН ТАҒДЫРЫ

      Мағжанға

 

Дүрмегін тартып алсаң да

Жүрегін тартып алмассың.

 

Кәсібін тартып алсаң да

Нәсібін тартып алмассың.

 

Жарығын тартып алсаң да

Дарынын тартып алмассың.

 

Барлығын тартып алсаң да

Тағдырын тартып алмассың!

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (15 оценок, среднее: 1,53 из 5)

Загрузка...