Куаныш Жиенбай

Куаныш ЖИЕНБАЙ родился 3мая 1952 года в Аральском районе, Кызылординской области. Выпускник факультета журналистики КазГУ 1976 года. Начало трудовой деятельности в газете «Ленин туы» Казалинского района и далее работал в республиканских СМИ « Жас Алаш»(Лениншіл жас), «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», « Таңшолпан». Член союза Писателей Казахстана с 1985 года. Автор 11прозаических книг и 1 сборника из 2 томов и пьесы «Великолепная планета». Его произведения переведены на нескольких языках. Лауреат неоднократных закрытых литературных премий издательства «Жалын», лауреат международной литературной премии «Алаш» -1998 и республиканского конкурса литературных произведений «Астана-Бәйтерек» -2007, Деятель Культуры РК, обладатель ордена «Құрмет», почетный гражданин Аральского района.


Роман «Жер үстінде де жұмақ бар»

отрывок

Космодром жақтан шұғыл хабар түскен заматта аяғы-аяғына тимей құстай ұшатын депо бастығы Көбейсіннің мына ыбылжыған, сылбыр жүрісінің қыр-сырын түсінетін бір пенде табылар ма, жазған-ау?! Әйтеуір, ілбіп келеді, кеудесін алға сүйрелегені болмаса, бір орында тапжылмай тұрып қалғандай. Көмір баздың көлеңке жақ бетіндегі күндіз-түні бір тынбастан сыздықтап ағатын да тұратын кранның мұздай суымен бетін жуып, аздап әл шақырған секілді еді, міне сонан бері қанша уақыт, әйтсе де бекет маңындағы қаптаған дүңгіршіктердің тасасынан әрі ұзамапты. Әлде:
«Қайда асығасыз, сіз бүгіннен бастап, Төретам депосының бастығы емессіз. Конкурстық негізде басқа мекемеге ауысқан мемлекеттік қызметкерсіз» деп қаздай тізілген ағаш орындықтардың біріне құйрық қойып, алаңсыз дем алғысы келді ме екен, а?! Иә, шынымен қайда асығады? Байқоңырмен тікелей байланысқан үйдегі қоңыр телефонның үні өшкен. Көбейсін ендігі жерде сегіз сағаттық жұмысы аяқталған соң кеңсесін сыртынан бекітіп, ешқайда бұрылмастан туралап үйіне тартатын жабық қаладағы мың-сан пенденің бірі. «Тіркемелі тепловозды дереу №1-ші ұшу алаңына жеткізіңіз!» дейтін зіркілдеген бұйрықтан да құтылады, құлағы тынышталады. Әй, бәрінен бұрын келіншегі Ақкербездің қуанышында шек болмас.
Суық суға үймелеген бес-алты торғайдың шықылықтаған дауысына кәдімгідей көңіл қойып, назар жықты. Осы тұстан олай-былай өтіп жүріп, мына құбылысты бұрын неғып байқамаған. Торғайы түспегірлер айналадағы ми шағатын аптап ыстығыңды, теміржол бойындағы қолқаны қабатын көңірсіген жағымсыз иісті, маневр жасаған поездардың зіп-зілдей доңғалақтарымен жер түйгіштеген дүрсілін, тағы сондайлық диспетчерлердің дауыс күшейткіш арқылы дабырлап сөйлескендерін елең қылса не дейсіз! Қалайы табақшадан су ұрттап алады да, тұмсықтарын аспанға көтеріп, құйрықтары тынымсыз шошаңдаған күйі үйреншікті тіршіліктеріне қомағайлана қайта кіріседі. «Жанымызда қараңдаған біреулер жүр-ау, осы маңнан депо бастығы да төбе көрсетті-ау! Ал біздің ыстықтан қаталап өлетіндей, осынша құнығып, ең болмаса ол кісіні көзге ілмегеніміз қалай?!»
«Сөйтулерің керек еді» деді Көбейсін ішінен күбірлеп. Соның артынша болар-болмас өзін-өзі қинап күлді. Бүгін бір түрлі… жүрегі атқақтап аузына тығыла ма, тұла бойын беймәлім әлсіздік билей ме. Ол арасын да анық аңғара алмады. Саусақтары тынымсыз секектеп, тіпті маза бермеген соң оны шалбарының қалтасына сүңгітті. Жейдесінің тамақ түймесін ағытып, сол көңірсіген май иісін жиіркенішсіз құмарта жұтты. Маңдайынан шоршып шыққан моншақ-моншақ тер тамшыларын да елемеді. Көлеңкедегі сыз топыраққа бауырын төсеп, от жалаған ыстықтан өлердей шаршап, тілі салақтаған қалпы қимылсыз жатқан кәрі қаншық торғайлардың осы бір шат-шадыман әрекетін жақтырмағандай кіржің етті де, ілеленген көзін бір ашып, бір жұмды. Ізінше құлағын қайшылап, басын көтерді. «Мына сорыңды ұрайындар өзі жоқта оңай олжаға тап бола кеткеннен сау ма?» Шындығы солай, кәрі қаншықтың көптен бергі тұрақты мекені дәп осы ара болса да, соңғы айлардың бедерінде бүйірі шығып, тамақ қалдықтарына кеңірдектеп тойғаны шамалы. Ашқұрсақ. Бұрындары олай өткен, былай өткен жолаушы пойыздары Төретам стансасына тоқтаған заматта құтыларын көтеріп, вагондардан атып-атып шыққан жолаушылар ешқайда бұрылмастан гүл қауызына үймелеген бал араларындай ұмар-жұмар осы кранның басына жиналушы еді ғой. Уақыт шектеулі. Әйтсе де бәріне үлгеретін. Үлгермейтін несі бар, Төретам стансасының әлем білетін проблемаларын дереу шешіп беріңіздер деп шалғайларына жабысып жатқан біреу бар ма! Су ішіп, еті тірілері белуарына дейін шешініп тастап, аһлап-уһілеп жуынып алуға да мүмкіндік табатын. Жан-жақтарына сосын барып зер салады. «Ғаламат жаңалықтарымен шартарапты таңғалдыратын бұлардың сонда космодромы қай тұста?» Арлы-берлі мойындарын созғылағанымен атақты космодром көрінген көкаттының назарына іліге қоя ма. Өйте берсе Байқоңырдан бедел қала ма?!

Қаңғыр-гүңгір түсініксіз әңгімелердің ауаны кенет өзге тақырыпқа ойысады. Теміржолға ентелей қоныстанған қазақы үйлердің қам кірпіштен тұрғызылған аласа шартағы, жартылай құмға көмілген терезелері, қаңылтырмен қапталған ұп-ұзын мұржалары, бір-бір шаңырақтың төбесіне орнатылған спутниктік антенналары мың жерден қалпағын қақырайтсаңыз да бұл сурет сірә, жолаушылардың көңілін көншітпейтін болар. Біреулер бастарын шайқайды, біреулер аяушылық білдіреді. Космодром және Байқоңыр іргесіндегі қазақ ауылдары дейтін бір-біріне мүлдем қабыспайтын, қабыспақ түгілі қарадай-қарап кісінің ит жынын тырыстыратын осы бір атамзаманнан келе жатқан кереғар ұғымды балталап тастайтындай, ішінен кіжінетіндер қаншама. Айбат көрсетеді кәдімгідей. Ал сол аласа шартақтың қамыс есігінен басын қылтитқан жалаң аяқ, жалаң бас қара бала шақырайған күннен көзін көлегейлеп, жүйткіп өткен пойыздарға «жолдарың болсын!» дегендей әлжуаз қолдарын әнтек көтереді. Мұнысы әрине, ішің жылитын-ақ құбылыс.

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (21 оценок, среднее: 1,76 из 5)

Загрузка...