Жанат Аскербеккызы

Я увлекаюсь наукой, занимаюсь исследовательской деятельностью в сфере литературоведении и интересуюсь мифологией. Я пишу стихи с 14 лет. В данный момент имеется 3 монографии, 5 поэтических сборников и литературные переводы. Перевела на казахский язык японскую поэзию, отрывки из «Литературных портретов» А.Моруа.

I am fond of science, do research in the sphere of literary criticism and I am interested in mythology. I have been writing poems from the age of 14. At present I have 3 monographs, 5 poetic collection and literary translations. I have translated the Japanese poetry, fragments from «Literary portraits» by A. Maurois into Kazakh.


Отрывок из произведения «Миф-о-поэзия»

* * *

Түн қойнына еніп кетті Күн келіп,
Жұлдыз-ізі жүрген жолын нұсқады.
Бүгін ғана ол екеуміз бірге едік,
Осы ма еді шығатұғын ұшпағы?

Менің Күнім — түнге жүзін жасырған
Үнсіз қалды. Ұйқыда еді күллі әлем.
Үркер күліп өте шықты қасымнан –
Жөн сұрауға жолын күтіп тұрған ем…

Қараңғыны Жарық алар майданда,
Түн қойнынан сытылады Күн күліп…
Адаспаспын әзір көкте Ай барда
Жұбатады жабырқаған гүлді үміт.

Ал содан соң…Түнді жұтар Күн нұры,
Мен Жарықтан тәж киемін. Ол анық.
Жолығармын деген едім бір күні –
Ұрланды ма, Үркер кетті жоғалып.
Білем, ол да қуантады оралып…

 

Ніл-дария және Лотос

Алқызыл гүл,

Көгілдір гүл,

Аппақ гүл…

Оған қолын жеткізе алмас аптап қыр.

Ніл-дария толқынында толықсып,

Үлбірейді құпиясын сақтап бір…

 

Күн пішіндес бір ғана гүл әр түсті,

Алқызылы – таңғы араймен шарпысты,

Көгілдірі – аспан гүлі, мысалы,

Рух кейпі – ақ лотос, қар түсті…

 

Лотос гүлі…

Мысыр ғашық, Ніл ғашық,

Ніл менен Гүл жұп жазбайды сырласып.

Ай туғанда ұйқы қымтап қауызын,

Шырайланар шын болмысын Күнге ашып…

 

Ніл үстінде жүзер кешке Күн күрең,

Не айтады оған құм-жағалау мүлгіген…

Гүл ұмтылар Күнге қарай…тамыры

Жібермейді…

су түбіне сүңгіген…

 

Ғажайып мекен

 

Ғаламда бар бір арал… бәрі іздеген,

Біреулер шын, біреулер аңыз деген.

Үмітке еріп кезеді дүниені

Байғұс пенде… күдерін әлі үзбеген.

 

Ғаламдағы бұл арал – ғажап арал,

Жете алмастан жер қауып, аза қалар.

Мөлдір ауа жаныңды жуындырып,

Кіршік қалмай болмысың тазаланар.

 

Сол аралды табармыз біріміз кеп,

Ұлы Ақиқат осында, біліңіз деп,

Біреу шықты өлместің суын іздеп,

Біреу шықты Мәңгілік Гүлін іздеп.

 

Жерұйық па ол іздеген Асан бабам,

Эльдорадо… әлі ешкім аша алмаған?!

Эдем, бәлкім, сол арал, кім біледі,

Құпиясын түбі бір ашар ма адам?!

 

Сыр алдырмай сақ тұрар сағым-ғалам,

Сырғып өтер сәттерді ол сағынбаған.

Күллі өмірден сытылып кеткен уақыт

Сол бір ғажап мекенде дамылдаған…

 

Ғажап арал! Мәңгілік өлшемі едің,

Періште боп пенделер келсе дедің.

Тұманыңнан айығып бір-ақ сәтте

Қарсы аласың бір күні… мен сенемін!

 

* * *

 

Уа, кердең бұлт, кердең бұлт,

Терістіктен келген бұлт!

Көктім-Аймақ атасы

Қобыландыға еншіге атап берген бұлт!

 

Бұл еншісі көк аспанда қалды ұмыт,

Жо-жоқ, оны бізге аманат қалдырып,

Көшті дәуір, көше берді ол дағы

Аш өзегін талдырып.

 

Қай қиырға жөңкілдің?!

Желден үркіп, көкке қарай серпілдің,

Сен көшетін кеңістіктің кеңдігін

Жанарыма сыйдырып ап мен тұрмын…

 

Аптап күнде жанға сая бұлт едің,

Сөйте тұрып айдың бетін бүркедің…

Көк пен Жерге тағдырымыз тәуелді

Өзіңменен бір тегім…

 

Уа, ала бұлт, ала бұлт!

Біздің жаққа бір бұрылып қара, бұлт!

Жолымыз бен жөніміз бір дейік те

Біраз жерге сапарлас боп баралық!

 

* * *

 

Тұла бойы тоңазыр дала жүдеп,

Ұйқылы-ояу көзімен қарады көк.

Көшкен елдің жұртына кеп жығылды –

Ай сәулесі дәрменсіз… амалы жоқ.

 

Кім тоқтатар бас бермес өмірді анау?!

Біраз сырды шертісер жөнім бар-ау…

Көшкен дәурен жұртынан нені іздеймін –

Құлазыған жайлаудай көңіл жадау.

 

Дүбіріне елітіп дүрмек-күннің,

Арманымды армансыз гүлге өптірдім.

…Көшкен ауыл жұртына ай қонақтап,

Көшкен дәурен жұртында түн боп тұрмын…

 

 

* * *

 

Өкпе деген реніш пе,

Тұншығумен жүрер іште.

Қараңғыда Ай екеуміз

Жолығыстық бір өрісте.

 

Төрткүл дүние қаракөк-ті,

Жұлдыздар-ай, бәрі әдепті,

Неден жаздық дегендей боп,

Бәрі бір-бір қарап өтті.

 

Ай да өкпелі, мен де өкпелі,

Өкпе дәмі кермек пе еді?!

Тұңғиықтан… самал есіп,

Шақырғандай «кел» деп мені…

 

Ай өкпелер Күнге деймін,

Ал, менікі кімге деймін…

Айдікі жөн, менікі не,

Қойдым енді…

Үндемеймін!

 

Аид патшалығындағы әпсана

Асфодел* өсетін мұңдана

Ол жаққа бармайды Күн ғана,

Көлеңке сырғиды үн-түнсіз

Ақыл мен жадынан мүлде ада.

 

Асфодел…

Қан-сөлсіз желегі,

Көлеңке көлбеп кеп төнеді.

Бір кезгі ахейлік қаһарман

Бұл гүлге күбірлеп не деді?!

 

Құрдымның суы ағар шымырлап,

Жарықты әкеткен кім ұрлап?!

Санада жалт еткен бір елес

Түнектің түбіне тығылмақ…

 

Не деді Көлеңке?!

Жұмбақ бұл,

Желегі боз гүлдің құрғап тұр.

Жарықсыз, жылусыз мекенде

Жұмбақты жасырған ұрлап бір…

 

Бақилық сұлбамен мұңы бір –

Тамұқтың сұп-суық гүлі бұл!

…Ахейдің жадында жаңғырып

Қаһарман арудың** үні жүр.

 

(Қас сұлу…

Қас батыр…

Қан майдан…

Батырға сес қылған қандай жан?!

Жүрекке найза кеп кіргенде

Бұл жалған кетті аунап маңдайдан…

 

Троя түбі еді… Кешқұрым.

Күп-күрең күймемен көшті күн.

Сыңғырлап «қош» деген нәзік үн,

Төгіліп түскен-ді қос бұрым…

 

Өлтіріп алғандай арманды,

Қас батыр есінен танған-ды…

Найзасын қақ бөліп…

Жер құшып,

Алғаш… һәм соңғы рет зарланды…)

 

…Күн түспес сұрықсыз бұл әлем,

Асфодел қалтырап тұр әрең.

Желегін аялар Көлеңке

Дегендей

«Алдыңда күнәлі ем».

 

Гүл менен Көлеңке – бетпе-бет…

Болмайды енді айқас… жекпе-жек.

Құрдымның суына кетті ағып,

Бейкүнә бір сезім… өкпелеп.

 

 

***

 

Өмірзая –

бір-ақ сәтке жалт етер,

Ай қалады арманын да айта алмай.

Аспандағы жұлдызға да бар қатер,

Сөніп кетер өкініші байқалмай…

 

Айтары көп алқаракөк түнгі әлем,

Жанарыма кіріп кетті еріксіз.

Аспан жақтан жұлдыз іздеп тұрған ем –

Алаң көңіл етпеңізші келіп Сіз…

 

Өмірзая…

Тағдырымыз бір біздің,

Айырмамыз:

Сен – көктесің,

Мен – жерде.

Жанып-сөнер сәтін аңдып жұлдыздың,

Аңсары ауған жердегі өмір шерменде…

 

Қаңтардағы қармен әңгіме

 

Тәкаппарсың.

Сұп-суықсың.

Әппақсың…

Әппақ болып аяқ асты жатпақсың.

Жерде жатып,

Көктен түскен қалпыңмен

Асқақ, әппақ болмысыңды сақтапсың…

 

Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, әппағым…

Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!

Күміс күйме сыңғырына елітіп,

Мен де іздегем әлдекімді… таппадым.

 

Ақ бораны сенделеді Арқаның…

Өзіңе де, өзіме де бар таңым.

Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,

Сонда оны сүйемісің,

Қар-Ханым?!.

 

ЕТІКШІ ЖЕЗДЕМНІҢ ӨЛЕҢІ

 

«Етікші етік тігер бізіменен,

Тарамыс жорғалайды ізіменен.

Құдай берген өнердің арқасында

Оршанның[1] жақын болдым қызыменен».

 

Осы еді сүйікті әні жездеміздің,

«Қармағы қаппай қалған өзге қыздың».

Жауапты орайымен тауып айтар

Мазалап, қалжыңдаған сөзге біздің.

 

Қош айтып қызығына бұлаң кештің,

Фәниден алып кетті мұнар көшкін.

Бір қабір пайда болды қырат жақта −

Айтпайды содан бері бұл әнді ешкім.

 

Жездей де кетті әпкенің ізіменен,

Тарамыс есіз қалды бізіменен.

…Жалғанның жалғандығын ұғына алмай,

Барады ала бұлт боп жүзіп өлең…

 

* * *

 

Бір кебісімді түн алып қалды,

Шолпанға ұқсап кеттім мен.

Пенделер қылар күнәні ұққан-ды,

Періште ай, сырын көкке ілген.

 

Сыңар кебіспен сытылып шықтым,

Жете алмай қалдым аспанға.

Ұтамын деп ем, ұтылып шықтым –

Жығылып түстім тастарға…

 

Қалдырдым, сірә, түннің көңілін,

Жасымды төгіп қойнына.

Жамылып шығып мұңның кебінін,

Асылдым таңның мойнына…

 

Тән менен Жанның келісімі үшін,

Өзімше болжап, жөн ұғам.

Қолында қалған кебісім үшін,

Қайтадан түнге жолығам.

 

ХІ ғасыр өлеңі немесе Қыпшақ қызының

Оғыз оғланына арзуы

 

Жанарымда күн күлгенмен түн жылап,

Мен жұртыңда қала бергем тұнжырап.

Оғыз-оғлан, қайрылмастан кетіп ең,

Қиыр жайлап, ұзадың-ау, тым жырақ.

 

Өкпек желді өңменіңнен өткеріп,

Өткен істі ағайынға өкпе ғып,

«Барар жерім – Балқан тау» деп кеткенсің

Ала бұлтты сауырыңа бөктеріп.

 

Көшті уақыт тұяғында күліктің,

Ата жұртты, ару қызды ұмыттың.

Сайын дала самалына мұң шаққам –

Шылбырына оратылып үміттің.

 

Қуқыл тартып құла дүзде гүл-өңім,

Қара жолға қарайлаумен жүдедім.

Сағынышым нажағай боп ойнаған

Түлей түннің қақ айырып түнегін.

 

Тағдыр айдап Ұрым кеткен Оғланым,

Құрылықты дүбірлеткен Оғланым,

Ұрын келер ғұрпың бар-ды жұртыңда,

Сол ғұрпыңнан түңіл деп пе ем, Оғланым!

 

Жат қамалын талқан еткен Оғланым,

Түркі даңқын қалқан еткен Оғланым,

Бөтен жұртта бөрілі ту көтеріп,

Арғымағын тарпаң еткен Оғланым!

 

Аманат жұрт менде қалған, Оғланым,

Жүрегімді шерге малғам, Оғланым.

Тәнім – тасқа, жаным – жасқа айналып,

Көмбе болды мендегі арман, Оғланым!

 

Түске айналдың, ғайып болып өңімнен,

Бұл ғасыр да бұлт боп көшті көгімнен.

Саған тағар түк кінәм жоқ… әншейін

Бір бейкүнә сезім қалды егілген.

 

Ата жұрттың айта аламыз жайын біз,

Маңдайдағы жазмышқа да қайылмыз.

Қайта оралып соғар болсаң қарсы алар,

Балбал мүсін болып тұрған Айым-қыз.

* Грек мифінде Аид  патшалығында өсетін жабайы гүл

** Амазонка

[1] Оршан − ел аты

 

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (526 оценок, среднее: 3,90 из 5)

Загрузка...