Галым Жайлыбай

Известный поэт. Автор более 10 книг поэтических произведении. Некоторые произведения переведены на английский,русский, украинский, беларусский, татарский, кыргызский, турецкий и другие языки. Лауреат международной литературной премии «Алаш» (1999), лауреат специальной премии Турции « Акшам жулдызы» (2001), обладатель золотой медали имени С.Есенина Международного Союза Писателей России (2009), обладатель премии «Ұлт» имени Абая Кунанбаева (2015). Награжден орденом «Құрмет» (2010). Заслуженный деятель Республики Казахстан(2016). Почетный гражданин Баянаульского района Павлодарской области и Жанааркинского района Карагандинской области.


Поэма «Қара орамал»

отрывок

…ГУЛАГ құрылымындағы ең үлкен сала – Қарағанды еңбекпен түзеу лагерьлері (Қарлаг) 1931 жылы 19 желтоқсанда ОГПУ – ҚазИТЛАГ-қа қараған «Гигант» совхозының негізінде құрылды. Орталығы Қарағанды обылысының Долинка селосында орналасты…

«1939 жылы НКВД-ның 42 лагерінің ішінде Қарлаг тұтқындардың саны жағынан КСРО-да тоғызыншы орын алған.» ( Дерек көздерінен )

…КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1 – 1,5 миллионнан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-тың құрамында 61лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі. (Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова. «Қарлаг». 19- бет)

Қарағанды лагері

Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,

Күнде дабыр бұл тірлік

күнде дауыл.

Алаш жұрты

азаптың аралы ма –

Қарағанды лагері

Бұл не лагерь?..

Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,

деп ойлама ерке қыз,

қаңғыбас ұл!

Сен де міндің келместің кемесіне –

Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!

Ғалам да алаң өткенге

санам да алаң,

Көңіл айтсын адамзат

саған, далам!

Қарағанды лагері

қара түнек –

Қарағанның түбінде қараңдаған.

Қалмаса да зұлымдық мәңгі жасап,

Қиямет – қайым көргенім

қанды қасап.

Жиырмасыншы ғасыр сол

алшаң басқан –

ГУЛАГ архипелагын алдына сап.

Қарағанды,

Қазақтың қара нары,

Самал әні сарнайды

саған әлі.

Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп —

Сталиннің өріп жүр балалары.

Арғымағым,

арда едім,

арыдым де.

Қадірлімнің таба алмай қабірін де.

Сталиннің вагоны музейде тұр –

Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.

Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,

Сүйегімді сол сауал кеміреді.

Қарағанды лагері –

қаралы өлең

Есіл,

Нұра егізім егіледі.

Зар айтады,

қан құсып көкірегі,

Жетім желге қосылып жетігені.

«Жалаңашкөл»

«Алжир» боп

шашын жайып –

«Степлагы» Кеңгірде өкіреді.

Басы бардың бақ тұрмас бар баяны,

Арулардың арман боп ардай әні.

Көктіңкөлі қос қолын көкке жайса,

Сарысудың өзені сарғаяды.

Ірің толған ібіліс іреңінде,

Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.

Қарағанды лагері –

қара таңба

Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде.

Кешіріңдер,

Жан аға,

ақ аналар,

Сағаналар сөйлесін

бағаналар.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы

Қарағанды лагері – қара орамал.

 

* * *

Сарыбелдің сарнаған самалынан,

«Ерім-айлап» көшірді дала бір ән.

Қан сорғалап тұратын балағынан,

Сонау күннің түнерген қабағынан,

Қаралы жұрт –

қара орман,

қаралы маң.

Жалқын іздеп жарықтың жамалынан,

Қара қобыз зар құсса сағағынан,

Тасы тисе тағдырдың тасадағы

Жас ағады жылдардың жанарынан.

Сол жылды айтсам тартады сол қабағым,

Зорланамын

батқандай сорға қалың.

Оты бардың оқимын ойлы хатын

Тотылардың естимін тордағы әнін.

Топан кірді түсіме…

толған ағын –

долы өзеннің осынша долданарын…

Қаратаудың басынан шыққан көштің

арбасының көргенмін доңғалағын,

тағдыр деген қайтейін, сол қарағым…

Ей, ескен жел,

қайғымды еселеме!

Ескертпедің ес болса кеше неге?..

Көгеретін кезікпей көсегеңе –

ақ тілекті жолыма төсе, деме!

Ерте өле ме бұл пенде,

кеш өле ме,

Бодан күнен қалғаны бос өнеге –

Тағдыр жазса көнесің пешенеңе…

Беу, Сарыарқа!

салқар көш сабыр еді,

сағыныштан жаралған сағым елі.

Асу-асу бел еді,

шағыл еді,

арғымағы

арманның ақ үлегі.

Әппақ құсым қанатын қағып еді,

«…Абылай аспас Арқаның сары белі»

Бастап кетті, білдің бе, тағы нені?..

Барқыт белден асырып таңдарды алға,

Сарқыт берген сай едің сардарларға.

Жұмыр жерсің сен де енді қан жалаған –

Ғұмыр берсін дейін бе қалғандарға…

Мынау заман қай заман –

қай қай заман –

Үзік-үзік үмітің жалғанғанда.

…Жайық үшін жаулассаң жазығың не –

Еділ үшін егессең арман бар ма?

Қасырет кешті адамзат,

мұң қаптады,

көздің жасын көп күндер құрғатпады.

Бұлдыр-бұлдыр дүние көз ұшында

Құйрығындай түлкінің бұлғақтады.

Жұмыр басты пендені жұтып жатты

Шындық өлген кезеңнің шым-батпағы.

…Қарағанды лагері –

«Қарлаг» емес –

Қара ниет қоғамның ЗҰЛМАТЛАГЫ.

Қатарына жатқызса жазалының,

Кімге керек адалдық,

тазалығың…

Зар илетіп заманы

қан жұтқызды –

Орыс,

неміс,

жебірей,

қазақ ұлын…

Шалқар әні – шарығы ажалының,

Тарқағаны осы ма базарының.

Қиямет-қайым туғанда

пенде біткен –

бірге айтады екен ғой АЗА жырын…

Жылымық жыл көтерген жыр байрағы,

Зымыран күн төбеңнен зулайды әрі,

Құлағы жоқ құбыжық

қоғам сынды –

тұрағы жоқ бағың да тұрмайды әні…

Жусан, көде,

ырғалған ырғайлары,

Ішке түйген талайды сыр қайнары.

«Қарабаста» қара ағаш қобыз шалса,

сыбызғы боп сарнайды қурайлары…

«Қарлаг» қақпасы

Қарабаста…

талай тұтқын асылған дар ағашқа,

талай тұтқын таласқан шамалы асқа,

талай жендет қан ішкен қара қасқа,

Қарабаста…

Ал, сен бала, білмесең жағаласпа!

Айналғанмен кең орын,

кен орынға,

Жер орында тұрса да

ел орында.

Қолтаңбасы сол кездің вокзалында –

керзі етіктің ізі бар перонында.

Ғасыр дағы…

«Қарабастың» қабағы ашылмады,

түске кіріп сан ұлттың асылдары.

Қоңыртөбе*

қоңыр бір күйге түссе,

Шерубай-Нұра* шер шертер қасыңдағы.

Арқа жақта…

Шалғынына аунай бер шалқалап та!..

Жапа шеккен жазықсыз сол миллион –

«Қарабастан» тараған шартарапқа.

Қарабаста…

тұтқын да жоқ,

жендет жоқ,

дар ағаш та.

Қарғыс айтар Қарабас

қараңғы ойға –

Адамзатқа мың алғыс,

Нар Алашқа!

…Жол түскенде келіп тұр Қарабасқа…

Ахметжан Сармантайұлының

«58-статья» күйі

…Зар, зар заман, зар заман,

Зарлап өткен тар заман.

Буыршынды тайдырған

Жағалауда жар жаман.

Өсек өрті қаулаған,

Дабыралы дау жаман.

Жауын жаман жаумаған –

Жау жоқ жерде жау жаман.

_____________________________________________________________*

Қоңыртөбе – «Қарлаг» орталығы саналатын «Долинка» поселкесінің

бұрынғы атауы.

 

* Шерубай-Нұра – өзен аты

«…Қыс артынан жаз келер,

Құс алдында қаз келер».

Домбырамды қолға алсам,

сағынышты саз келер.

Ерттеп міндік кер күнді,

шыбын жанға шер тұнды.

Домбырамды қолға алсам,

шемен болып шертілді.

Бақ қонбаса қасыңа,

Ей, көңілім,

жасыма!

Айыр тілді жыланның –

Ақ құяйын басына.

Асқаны жоқ,

тасқаны,

дүрбелеңде жас-кәрі.

Қала ма екен бәрінің

Бір белеңде бастары.

Сөзінің жоқ киесі,

Елінің жоқ иесі.

«58» атанған –

«Статья» күйі осы…

Қызжылаған

Ізетпенен жасамай ізгі қадам,

қарындасын қорлайды құзғын,

арам.

«Жалаңашкөл» жағасы – «Алжир» лагерь –

Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған.

Енді кімге кезігер долы дауыл,

қаралы күн қаққанда қоңырауын.

«Жалаңашкөл» жанында қыз жылаған –

орап алып сүт аққан омырауын.

Ғазауатқа кезігіп ғасыл қайық,

қырдан асып кеткелі ғасыр ғайып.

Аза бойды қаза ғып Ана біткен –

Аңырайды «Алжирде» шашын жайып.

Адамзаттың аймаңдай ары осында,

Рахиль Плисецкая…*

нанасың ба?!

Бейімбеттің қой бақса Күлжамалы –

Рысқұлов Тұрардың жары осында.

Айдыны жоқ аққудай расында,

Жазбай жатып үзілген жыр осында.

Сұлулық пен нәзіктік атаулының

Тілім-тілім еріні…

жүр осында.

Шығасыға басшылық иесінен,

айырылмайын сөзімнің жүйесінен.

Адамзаттың аққуы аналар ғой –

қорықпайтын қай қоғам киесінен?

Мұндай зұлмат кім көрген жеңіл ойлы,

Бастап кешіп келсек те не дүлейді.

Қазақшасы бұл жердің – Қызжылаған,

қыз жыласа…

дүние еңірейді.

Арын төксе анаңның

құзғын,

арам,

жүргеніміз не керек біздің аман.

Көз жасына ескерткіш – «Жалаңашкөл» –

қазақшасы «Алжирдің» — Қызжылаған.

Қызжылаған…

___________________________________________________________

* Рахиль Плисецкая – совет актрисасы, КСРО Халық артисі, әйгілі

балет бишісі Майя Плисецкаяның анасы.

Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы

…Жел жұлды шашын шалғынның,

Тіршілік біткен жалаңаш.

Тезіне түскен тағдырдың

Жапанға біткен дара ағаш.

Өмірді сүйген ұлы өнер,

алысқа жеткен атағы.

түсіне енсе

түнерер –

Штарнберг шаһары…

Күндердің кез боп кермегі,

Үзілген үміт

тоңады.

…Гуілдеп соққан желдері

Уілдеп соққан бораны.

Ақ түтек кешті,

адасты,

Қаламы қоса қартайып…

Жапырақсыз ағаш жар асты

жападан-жалғыз қалқайып.

Қапаспен қалай арбасып,

Жарығын көрмек жалғанның.

…Қара жолды да қар басып –

Қарасу қатып қалған күн.

Суретші әйел сүргінде,

Талантын қоса соттатқан.

Күндердің түсі күлгін бе –

«Просторныйда»* от жаққан…

Лайық еді құрметке,

Күндері күмән,

күдікте.

…«Үзілген сапар» сурет пе –

Үзілген әлде үміт пе?..

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (21 оценок, среднее: 2,05 из 5)
Загрузка...